Салық қызметкерінің декларация тапсырған қазақстандықтардың атынан несие рәсімдегені анықталды
Ол жеке және биометриялық деректерді өзінің ұялы телефонына түсіріп отырған. |
Қосшы қаласының прокуратурасының үйлестіруімен салық органының қызметкерімен жасалған 5 интернет-алаяқтық дерегі ашылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
«Салық органының қызметкері қарапайым азаматтарды декларация тапсыру қажеттігін сылтаулатып шақырып, олардың жеке және биометриялық (адамның бет-әлпетін сәйкестендіру) деректерін өзінің ұялы телефонына түсіріп, онлайн түрінде жәбірленушілерге микронесиелер рәсімдеп өзінің шотына аударған», — делінген Ақмола облыстық прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратураның нұсқауларын орындау барысында алаяқ анықталып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (алаяқтық) қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«Сондықтан облыс прокуратурасы азаматтарды барлық ақпаратты жан-жақты тексеріп, бейтаныс адамдардың онлайн режимінде түрлі қаржылық операцияларын жүргізу туралы ұсыныстарына сыни тұрғыда қарау қажет», — деп атап өтті құзырлы орган өкілдері.