Menu

Жәмила Бақбергенова Азия ойындарында олимпиадалық салмақта күреседі

Әйелдер күресінен әлем чемпионатының екі дүркін күміс және бір мәрте қола жүлдегері Жәмила Бақбергенова жазғы Азия ойындарында олимпиадалық салмақта күреседі.

Бұл туралы спортшының жеке бапкері Нұрсұлтан Теміров айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Теміровтің айтуынша, Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында қола медаль алған Ж.Бақбергенова 72 келіден 76-ға ауысады.

Бұдан былай Жәмила олимпиадалық салмақ болып есептелетін 76 келіде ғана бақ сынайды.

Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары — балуан үшін осы салмақтағы бірінші жарыс болмақ.

«Мақсатымыз — олимпиада жолдамасын жеңіп алып, қазақтың көк туын Париж төрінде желбірету», — деді Н.Теміров.

Жәмила Бақбергенованың өзі де Белградқа алтын үшін келгенін, дегенмен оның сәті түспегенін, Астанадағы жаттығу жиыны кезінде басталған баспа ауруының екі апта бойы мазалағанын жеткізді. Ендігі меже — Азия ойындарында табысты өнер көрсету.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәмила Бақбергенованың әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.