Menu

Абай облысында жастарды қолдау мақсатында "Zhas project" жобасы басталды

Бір жобаға бір миллион теңге беріледі.

Жобаның аймақтық үйлестірушісі Эльзира Жүнісованың айтуынша, республикаға бөлінген 28 гранттың 8-і Абай облысына тиесілі.

"Абай жастары 8 млн теңге көлеміндегі өтеусіз грант қаражатын ала алады. Ескеретін жайт, қаражат жер учаскелері мен белгілі-бір жабдықты сатып алуға жұмсалатын болса жобалар бағдарламаға қатыса алмайды. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер мен қолжазбалар жазуға да қолдау көрсетілмейді",- деді Эльзира Жүнісова.

Өтінімдер "Zhas project" сайтында 9-22 қазан аралығында қабылданады. 23 қазаннан техникалық іріктеу жүргізіліп, жеңімпаздар 1 қарашадан бастап анықталады.

Жобаға басынан аяғына дейін менторлар жетекшілік етеді. Олардың міндеті – грантқа қолы жеткен қатысушыға әртарапты қолдау көрсету, командаға бағыт-бағдар сілтеу. Грантты ұтып алған жеңімпаздар онлайн-тренингтен өтеді. Онда жұмысқа орналасу, әлеуметтік кәсіпкерлік, көшбасшылық сыңды өмірлік маңызды дағдыларды игереді.

Сурет: ашық дереккөздерден, Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі